12 мамыр, 15:27
Экс-әкім Шахмерден Рыспаев кінәлі деп танылды. Оған 40 406 250 теңгеге айыппұл салынып, қамаудан шығарды. Экс-әкімнің бұрынғы орынбасары Саят Ағыбаев қауіпсіздік жағдайы төмен колонияда 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ауданның бұрынғы басшысын сот ҚР ҚК 189–бабы, 3-бөлігі, 1, 2-тармақтары, яғни, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету бойынша кінәлі деп тапты.
"Рыспаев Шахмерден кінәлі деп танылып, оған 41 628 570 теңге айыппұл салынды. 2020 жылдың 17 қаңтары мен 6 мамыры аралығында қамауда болуын есепке ала отырып, 40 406 250 теңге айыппұл салынды", – делінген үкімде.
Ал әкімнің бұрынғы орынбасары Саят Ағыбаев ҚР ҚК 366–бабы, 1–бөлігі (Пара алу)", 369–бабы, 1-бөлігі (қызметтік жалғандық), 189-бабы, 3-бөлігі, 1, 2-тармақтары (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылды.
"Саят Ағыбаевқа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын ең төменгі қауіпсіз қылмыстық – атқару жүйесі мекемесінде өтеуге міндеттелді", - делінген құжатта.
Сот екі сотталушыға да өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салды.