Канаданың Монреаль қаласындағы мектептердің бірінде балалар мен қызметкер өздерін жайсыз сезініп, бастары айналғанын, жүректері айнығанын айтқан. Жалпы, дәрігерлер көмегі 20-ға жуық оқушыға қажет болды. Қалған адамдардың барлығы көрші білім беру мекемесінің ғимаратына көшірілді.
Арада біраз уақыт өткен соң бастары айналғанын айтып, тағы бірнеше оқушы мен мұғалімдер шағымданған. Кейінірек 35 бала мен 8 ересек адам ауруханаға жеткізілді.
Сарапшылардың болжамынша, келеңсіздікке құбырдан шыққан газ себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайдың ғимаратты жылыту жүйесіндегі ақауға қатысы болуы да мүмкін.
Қазіргі таңда ауруханаға жатқызылған барлық науқастың жағдайы бірқалыпты. Дегенмен, кейбірін оттегісі мол, жабық арнайы камерада емдеуге тура келді. Монреаль қаласының өртке қарсы күзет қызметі оқу ғимаратын тексеріп шықты.