Кентауда Руслан Жанпейісовтің видеосынан кейін тексеру жүргізілетін болды

20 қаңтар, 09:57

Түркістан облысының Полиция департаменті Руслан Жанпейісовтің Кентау қаласында түсірілген видеосына түсініктеме берді.

"Әлеуметтік желіде ксенондық фаралар бар автокөліктердің ҚР жол қауіпсіздік ережелерін бұзу жайты бейнеленген бейнежазба таратылуда. Аталған жайтқа байланысты Кентау қаласының полиция қызметкері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Кентау қалалық полиция бөлімі әдеттегідей қызметін атқарып жатқандығын хабарлаймыз. Жауапты адамға қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, Түркістан облысының полициясы азаматтарға, егер сіз қандай да бір құқық бұзушылықтың немесе қылмыстың куәгері болсаңыз, онда міндетті түрде "сенім телефонына" немесе 102 нөміріне хабарласу керектігін естеріңізге салады" делінген ведомство хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, Руслан Жанпейісов әлеуметтік желідегі парақшасында Кентау қаласының полиция бөліміне келген сәтінің видеосын жариялаған болатын. Алайда полицейлер жұмыс орнында болмай шыққан. Видеода Жанпейісов полиция бөліміне өзге көлік жүргізушісімен бірге Daewoo Nexiaкөлігін тізгіндеген азаматтың үстінен шағым түсіруге келгенін айтады. Руслан Жанпейісовтің сөзінше, ол азаматтың көлігіне ксенон орнатылған.