Қостанайда жол апатынан полицей көз жұмды

19 желтоқсан, 11:42

Қостанайлық полицей қызметтік міндетін орындау кезінде жол апатынан көз жұмды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.

"18 желтоқсан күні сағат 22:28-де Әулиекөл ауданының ПБ кезекші бөлімінің "102" қызметіне "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" бағытындағы автожолда Октябрьское ауылына бұрылыстың жанында жүк көлігі мен "Audi" маркалы көліктің соқтығысқаны туралы хабарлама келіп түсті. Зардап шеккендер бар", - делінген хабарламада.Жол-көлік оқиғасы орын алған жерге келген жедел-тергеу тобы көлікте жолаушы болған азаматтың қаза болғанын анықтады. Марқұм болған ер кісі Әулиекөл полиция бөлімінің 32 жасар қызметкері.

Оқиға болған жерге жүргізілген тексеру жұмыстарына сәйкес жеңіл көлік жүргізушісі ауа райының қолайсыздығына байланысты көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткенін анықталды.
Қайтыс болған тергеуші қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған. Ол қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындау үшін Қостанайға бағыт алған. Сондай-ақ, жол апаты салдарынан "Audi" көлігінің 29 жастағы жүргізушісі зардап шекті. Оның жағдайы ауыр. Жүк көлігін тізгіндеген 57 жастағы ер кісі зардап шеккен жоқ.