Түркістанда көпбалалы ана 10 млн теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

26 қыркүйек, 19:00

Түркістан қаласында сегіз баланың анасы алаяқтық жасады деп айыпталуда. Әйел азаматы мемлекеттік субсидия алуға көмектесемін деп талай жанды сан соқтырған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияға 70-ке жуық қала тұрғыны көпбалалы анадан алданып қалғаны туралы шағыммен келген. Анықталғандай, күдікті еш жерде жұмыс істемейді. Ол мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін сыбайластармен бірге алаяқтық жасап келген.

Жәбірленушілерге келген жалпы шығын - 10 млн теңгені құрады. Күдікті өз кінәсін мойындады.

Күдікке ілінген әйел сегіз баланың анасы болып шықты. Үлкені тұрмыста, ал ең кішісі шамамен 2 жаста. Қазіргі уақытта ол үй қамаққа алынды, ал оның сыбайласы мемлекеттік қызметтен аластатылған ер азаматқа қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.