Шымкенттің республикалық қала атануына байланысты Ұлттық пантеонда енді Шымкент әкімдері мен олардың жұбайларын жерлеуге болады.
ҚР Үкіметі 2018 жылғы 26 қазандағы қаулысына сәйкес Ұлттық пантеонның аумағында жерленуге жататын тұлғалар тізімін өзгертті, деп хабарлайды Elitar.kz «Әділет» НҚА АҚЖ сілтеме жасап.
Қаулыға өзгеріс Шымкенттің республикалық қала дәрежесін алуына байланысты енгізілген.
Өзгерістерге сәйкес, Шымкенттің республикалық қала атануына байланысты Ұлттық пантеонда енді Шымкент әкімдері мен олардың жұбайларын жерлеуге болады.
«5-баптың 3-тармақшасына мынадай өзгерістер енгізілсін: министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыстардың, республикалық дәрежедегі қалалар мен астананың әкімдері» делінген құжатта.
Мұнымен қоса, пантеонның аумағында ҚР президенттері мен олардың отбасыларының мүшелерін, ҚР премьер-министрлері мен олардың орынбасарларын, ҚР парламенті палаталарының төрағалары мен олардың орынбасарларын, ҚР президенті әкімшілігінің жетекшілерін, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағаларын, ҚР Жоғарғы соты мен ҚР Ұлттық банкінің төрағаларын жерлеуге болады.
Пантеонда «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарымен марапатталған тұлғаларды; «Алтын Қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Еңбек Даңқы» (үш дәрежесін) ордендерімен марапатталған азаматтарды; «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарымен марапатталған азаматтарды; «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағымен марапатталған азаматтарды; ҚР президентінің ерекше шешімімен басқа да азаматтарды жерлеуге орын бар. Жоғарыда аталған тұлғалармен бірге олардың кейін дүние салған (опат болған) жұбайларын да жерлеуге болады.
«Дүние салған (опат болған) тұлғаларды жерлеу рәсімін облыстардың, республикалық дәрежедегі қалалардың, астаналардың жергілікті атқарушы органдары дүние салған тұлғаның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің өтінішімен жүзеге асырады. Ал пантеонда жерлеуді өз бетімен жүзеге асыру, отбасылық (туыстық) зираттарды құру мен қайта жерлеуге тыйым салынады» делінген құжатта.
Еске салсақ, Қаулыға сәйкес, Ұлттық пантеон – дүние салған (опат болған) тұлғаларды жерлеуге арналған, Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғаларды, мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің көрнекті қайраткерлерін мәңгі есте сақтау мақсатында негізделген мемориалды-сәулеттік нысан.