"Алматылықтар жаппай есінен танып жатыр ма?" Полиция департаменті пікір білдірді

20 наурыз, 19:08

Әлеуметтік желілерде түрлі видеолардың үзінділері пайда болды. Алайда желі қолданушыларының болжамы шындыққа сай емес.

"Бұл оқиға былай өрбіген: Бірінші жағдайда Гоголь мен Мұратбаев көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағу фактісі орын алған. Троллейбус әйел азаматын қағып кеткен. Салдарынан жәбірленуші түрлі дене жарақатын алған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, тиісті сараптама тағайындалды.

Екінші оқиға: 102 қызметіне жол бойында спирттік ішімдік ішкен ер кісінің жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оған жедел жәрдем қызметі алғашқы көмек көрсетті.

Үшінші оқиғада: қоғамдық автобустардың бірінде болған жолаушының жағдайы нашарлап (эпилепсия талмасы), оны көше бойына алып шығуға тура келген. Бұл кезде де жедел жәрдем қызметі шақырылды. Тұрғындар жаппай есінен танып жатыр деген ақпарат - жалған",-деп хабарлады Полиция департаменті.

Осы ретте полицейлер жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын мәлімдейді. Бұл жағдайда әсіресе елде төтенше жағдай жарияланған сәтте 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын еске салады.