Семейде ішімдікке сылқия тойған тергеу изоляторының басшысы тергеліп жатқандарды соққыға жыққан

24 қазан, 10:12

Еңбек демалысында болған Семей қаласының уақытша ұстау изоляторының бастығы алкогольдік масаң күйде жұмыс орнына келуге шешім қабылдаған. Өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ер адам тергеу қамауындағы 12 адамды соққыға жыққан.

Бастапқыда мекеме басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді ШҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі жүргізген. Алайда кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.
ШҚО прокуратурасы істі қысқарту туралы қаулының күшін жойып, тергеуді арнайы прокурорларға тапсырды.
Прокуратура уақытша ұстау изоляторының экс-бастығының сотты болуына қол жеткізді. Ал ШҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.