Жезқазғандағы мектептердің бірінде төтенше жағдай орын алып, 640 адам эвакуацияланды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар комитетіндегілер.
"19 қараша күні сағат 11.39-да өрт сөндіру қызметіне №3 мектептен хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына барған кезде еңбекке баулу сыныбы өртеніп жатқан. Шұғыл жасалған әрекеттің арқасында қызыл жалын сағат 12.10-да толық сөндірілді. Алапат өртке оранған аумақ 60 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру қызметіндегілер оқиға орнына келіп жеткенше мектеп ғимаратында болған 640 адам эвакуацияланды. Оның 570-і оқушылар" делінген ведомство мәліметінде.
Алдын ала болжам бойынша өрт электр желілерінің тұйықталуынан шыққан. Қызыл жалынды сөндіруге Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 4 бірлік техникасы мен 15 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Полицейлер төтенше жағдай орын алған аумақты қоршауға алды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.