14 сәуір, 12:28
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлық шығарған болатын. Президенттің бұл бастамасын шымкенттік жастар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белдерін бекем буып отыр.
Бейбіт күні әскерге шақыртылған сарбаздар қалада залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барады. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков бүгіннен бастап іске кіріскен азаматтарға сәттілік тіледі.
«Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Оларды тасымалдау мен тамақ мәселесі шешілген», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Төтенше жағдай кезінде қала бойынша әзірге 100-ге жуық азамат қабылданған. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынған.
Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабының мәліметінше, қалалық әскери комиссариятта арнайы медицицналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізген. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады.
Еріктілер бұндай қадамға пайда үшін емес, Отан үшін барғанын айтып отыр.