Шымкентте 5 сынып оқушысы кенеттен көз жұмды. Полицейлер іске кірісті

11 желтоқсан, 13:19

Жедел жәрдем қызметіне 18 шағынаудандағы тұрғын үйлердің бірінде 5 сынып оқушысы есінен танып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Дәрігерлер шақырту келіп түскен жерге шұғыл түрде жетті. Алайда ол кезде мектеп оқушысының қайтыс болғаны анықталды.

"Шақыру кеше кешкі уақытта келіп түсті. Мектеп оқушысының анасы бізге қызының есінен танып қалғанын айтқан. Хабарлама келіп түсе салысымен 6 минут ішінде жедел жәрдем қызметі оқиға орнына жетті. Алайда ол кезде қыздың қайтыс болғаны анықталды. Қазіргі таңда мән-жайды полицейлер анықтап жатыр",-деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Мамырова.

Мектеп оқушысының анасы қызының екі күннен бері сырқаттанып қалғанын, таңертең құсқысы келгенін айтып шағымданғанын жеткізді. Алайда ата-анасы оны дәрігерлерге көрсету туралы ойламаған.

Ұйқы алдында оқушыға үйіндегілер ауруды басу үшін дәрі берген, алайда араға көп уақыт салмай анасы қызының ес-түссіз жатқанын байқаған. Бірақ анасы сыртқы есікті аша алмағандықтан терезе арқылы өзгелерден көмек сұраған. Құтқарушыларды келіншектің көршілері шақырыпты.

"Диспетчерлік қызметке сағат 21.26-да 18 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде әйел азаматы мен баланың қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті. Себебі олар сыртқы есікті аша алмаған. Оқиға орнына 5 құтқарушы қызметкер жетті",-деді Шымкент қалалық Төтенше жағдай департаментіндегілер.

Есікті ашу үшін арнайы құрылғы қажет болған. Сол себептен құтқарушыларға есікті бұзуға тура келіпті.