Төтенше жағдай кезіндегі ережелер туралы дәрісті мамандар ХҚКО қызметкерлерінен барынша мұқият тыңдауды сұрайды, себебі әңгіме тек өздерінің өмірлерін емес, келген қала тұрғындарының өмірін құтқаруға да қатысты. Күн сайын бұл ғимаратқа жүздеген адам келеді және өрт шыққан жағдайда мұндағы қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуді де білуі қажет, ең бастысы авариялық шығу жолдарының қалай ашылатынын және қайда орналасқанын білуі тиіс.
ТЖ қызметкерлерінің айтуынша, мұндай дәрістер мен жаттығулар адам көп жиналатын жерлерде ауадай қажет. Өрт, жер сілкінісі және басқа да оқиғалар болған жағдайда әдетте үрей мен қысым басталады. Сондай сәттерде көп жайт мекеме қызметкерлеріне байланысты болады.
Егер алдымен қауіпсіздік техника сабағы әдеттегі жиналысқа ұқсас болса, содан кейін сценарий кәдімгі "блокбастер" сияқты өрбиді. Кедергісіз де болмайтын сияқты. Мәселен, өрт шыққан жағдайда қосылуы тиіс батырма кенеттен ХҚКО ғимаратында қосылмай қалды.
ТЖ департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары өрт-тактикалық оқу-жаттығу кезінде өздерінің арнайы техникасындағы стандартты сиренаны қосуды шешті. Тек осылай ғана жиналғандарға өрт туралы хабар берілді.
Өрт ошағы мен ғимаратта қалған зардап шеккендердің орналасу орны туралы ақпарат алған өрт сөндірушілер бір минут ішінде тыныс алу аппараттарын іске қосып, түтінде қалған адамдарды құтқаруға және өртті сөндіруге кірісіп кетті. Сондай-ақ, арнайы оқытылған иттерді де алып келді, олар ғимаратта қалған адамдарды іздеуге көмектесті.
Өрт сөндіру қызметіндегілер өз жұмыстарын аз ғана уақыт ішінде орындап шықты. Оқу-жаттығу шараларының өзге де қатысушылары тапсырманы тиісті деңгейде атқарды. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар кемшіліктерді жоюға уәде етті.