Сарыағашта баласын байлап тастап, қинаған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды

10 қаңтар, 13:57

Қоғам белсендісі, танымал заңгер Айгүл Орынбек өзінің желі парақшасында көптің ашуын тудырған видеоны бөлісті. Онда байлаулы отырған кішкентай баланы көруге болады. Заңгердің мәліметінше, баланың ата-анасы ажырасып кеткен.

Ер азамат балаларымен жүздесу үшін бұрынғы әйелі тұратын үйге келгенде ұлының аузы тұмшаланып, қимыл-қозғалысы шектеліп, байлаулы отырғанын көрген. Видеода әйел азаматтарының ұрыс-керісі естіледі.

Әлеуметтік желілерде әп-сәтте тарап кеткен видеоны көрген желі қолданушылары баласына қатыгездік танытқан ананың әрекетін еш түсінбей дал болды. Ал енді бірі байлаулы отырған ұлын видеоға түсірген әкесінің оны босатуға еш асықпағанына таң қалды.

Аталған оқиқаға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты. Белгілі болғаны, бұл жағдай Сарыағаш ауданында орын алған.

«Бұл жайт биыл 8 қаңтарда Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Арызда жергілікті тұрғын бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсеткеніне шағымданған. Сарыағаш АПБ қызметкерлері ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғады. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлі тарап анықталатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.