Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жаңа басшысын тағайындады. Бұл креслоға 2016 жылы Қазнет жұлдызына айналған Арман Абдуллаев лайық танылыпты.
Жұлдыз деуімізге негіз де бар. Еңбек жолын күзетші болып бастаған Абдуллаев мырза сол жылы Шардара ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген. Бірінші қыркүйек қарсаңында отырыс болып, жаңа оқу жылының құрметіне ме әлде өзге де себеп болды ма, ол жағы маңызды емес. Бастысы, сол отырыста кәсіпкер мен әкім арасында түсініспеушілік орын алып, Арман Абдуллаев бизнесменнен таяқ жеді. Жай жұдырық емес, қатты соққыдан әкімнің шекесі жарылды. Кейін ақпарат құралдарында тендерге байланысты туған түсініспеушілік салдарынан кәсіпкер шенеунікті бөтелкемен, енді бір басылым тапаншамен ұрыпты деген мәлімет тарады... Көп ұзамау аудан әкімі қызметінен кетті.