​Түркістан облысындағы екі ауданда есірткі сатуды кәсіп еткендер ұсталды

25 қыркүйек, 16:00

Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және азайту мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері есірткі сақтау және өткізу фактілерінің алдын алу және жолын кесу, заңсыз есірткі егумен қатар, басқа да заң бұзушылықтарды болдырмау аясында жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Ордабасы ауданы тұрғынының ауласынан түбі қопсытылған, суғарылып бапталған 8-түп жасыл түсті, өзіне тән айрықша иісі бар, есірткі затына ұқсас өсімдіктер табылды. Куәгерлердің қатысуымен өсімдіктер сараптамадан өткізу үшін тәркіленіп алынды. Тағайындалған сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, табылған есірткі затына ұқсас заты – тетрагидроканнабинолы бар есірткі құралы «сора» болып шықты. Есірткі заты 5 кг жуық салмақты көрсетті. "Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300–бабы бойынша «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді. Күдікті Ордабасы АПБ-не жеткізіліп, бұлтартпау шарасы ретінде «Келу туралы міндеттеме» берілді. Сондай-ақ, күдіктінің аталған есірткі заттарын қандай мақсатпен өсіргені анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде",-деді полицейлер.

Бұдан өзге «Көкнәр» жеделдетілген-прпофилактикалық іс-шара барысында департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Сарыағаш ауданында есірткі сатумен айналысқан күдіктіні ұстады. Тінту барысында күдіктіден полиэтиленді орамадағы жалпы салмағы 8 гр асатын марихуанаға ұқсас есірткі заты табылды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркелді. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.