Түркістан облысында ақшадан қысылған тұрғын бес үйге ұрлыққа түсіп, бірнеше ұялы телефонды ұрлап кетті

04 ақпан, 18:58

​Түркістан облысының полицейлері 5 үйге ұрлыққа түсіп, ұялы телефон ұрлаған қылмыскерді құрықтады.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Мақтаарал АПБ-не Мырзакент кентіндегі бір көшенің бойында орналасқан 5 үйдің тұрғындары шағым түсірген. Олардың айтуынша, белгісіз тұлға үйлеріне заңсыз кіріп, ұялы телефондарын жымқырып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгеден асқан. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркелді. Қылмысты ашу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Мұқият жүргізілген іс-шаралар шеңберінде полиция капитаны Ержан Әбдіраманов күдіктіні келесі көшелердің бірінен 20 минут ішінде ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден ұялы телефондар айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін істі болып, түзеу мекемесінен шыққанына көп болмағаны анықталды.