​ШҚО-да тергеу ісіне интернет «көмектеседі»

21 қараша, 17:00

Жергілікті тәртіп сақшылары электронды жұмыс тәртібіне көшуді белсенді бастады, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Қазірдің өзінде өңірде электронды қылмыстық істерді жүргізуге арналған 64 автоматты орын жұмыс істеп тұр.

– Қылмыстық істі тергеп жүрген қызметкер барлық мәлімет пен процессуалды құжаттарды электронды қылмыстық іске компьютер арқылы енгізеді. Ал ол іс тергеу құрылымдарының басшылары мен прокуратура органдарына қолжетімді, яғни, тергеу ашық жүргізілетін білдіреді",- деді халықпен есептік кездесуде өңірлік полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.

Бұған қоса Өскемен және Семей қалаларының жол-патрульді полицейлері әкімшілік іс жүргізу мақсатында 67 планшетпен жабдықталған. Қазіргі таңға дейін 1 400 электронды хаттама түзілді.
Тәртіп сақшылары бұл жаңашылдық уақытты едәуір үнемдейді және жұмысты жеңілдетеді дейді.
– Полиция қызметкерлері енді планшеттің көмегімен хаттаманы 3-5 минуттың ішінде толтырып, азаматқа қысқартылған іс жүргізу тәртібі туралы түбіртекпен бірге бере алады, - дейді Жанарбек Бақтыбаев. – Ал бұған дейін бұл жұмысқа 15-20 минут кететін. Себебі құқық бұзушыны ведомствалық мәліметтер базасы арқылы тексеру керек болатын. Ал қазір бұл процес азаматтың ЖСН немесе автокөліктің мемлекеттік нөмірін электронды түрде енгізу барысында автоматты түрде жүзеге асырылады.
Облыстық полиция департаменті бастығының айтуынша, жаңа технологиялар алдағы 2-3 жыл ішінде біртіндеп жүзеге асырылады.