​Шахты қаласындағы тұрғын үйде газ жарылды

14 қаңтар, 11:34

Ресей тұрғындары Магнитогорск қаласындағы қайғылы жағдайдан өздеріне келмей жатып, ел аумағында тағы бір жарылыс болды. Бұл жолғы жарылыс Ростов облысындағы тұрғын үйде болған.

Шахты қаласындағы Хабаров көшесіндегі көпқабатты №16-үйде Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 06:18-де, алдын ала болжам бойынша, газдың жарылуы салдарынан 8-9 қабаттар опырылды. Төтенше жағдай орнына барлық шұғыл қызметтер тез арада аттанды.
Анық болғаны, үй 1993 жылы соғылған, табиғи газ жүйесімен қамтылған. 72 пәтер бар. Оқиға орнында өрт сөндіру-құтқару құрылымдары мен басқа да апатты жағдай қызметкерлері жұмыс істеуде.
Жарылыс салдарынан 4 пәтер бүлініп, 140 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Шұғыл қызмет өкілдерінің айтуынша, 7 адам құтқарылды, тағы 6 адам үйінді астында болуы мүмкін. Бір адам қаза тапты.
Газ жарылысының ошағы ғимараттың соңғы – 9-қабатында болған.