Қарағандыда бала өмірін жалмаған батут иесі ұсталды

27 мамыр, 10:58

Батут иесі - 40 жастағы ер азамат. Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Қарағандыдағы орталық саябақта қайғылы жағдай орын алып, аударылған батут салдарынан мектеп оқушысы көз жұмған болатын.

Батуттың аударылуына қатты жел себеп болған.

Ер адам уақытша ұстау изоляторына бос уақыт объектісін заңсыз және тиісті түрде орнатпағаны үшін, сондай-ақ баланың өліміне әкеп соққан қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Оқиға салдарынан 11 жастағы бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, тағы 2 бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 306-бабы 3-бөлімі "Адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету" бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Аталған нысанды пайдалану бойынша құжаттама алынады",-деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ҚР ІІМ кәсіпкерлерді ауа райы жағдайы бір қалыпқа түскенше балалар батуттарының жұмысын тоқтатуға шақырды.