Түркістан облысында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жол апатына түсті

13 ақпан, 15:10

Белсендісі Құрманғазы Мүсір өзінің Facebook парақшасы арқылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан апатқа ұшыраған адамға көмек көрсетуді сұрады.​

"9 ақпаннан 10-ына қараған түнде жедел медициналық жәрдем автокөлігінің жүргізушісі 1985 жылы туған Нұржан Әбсеитұлы Құдайбергенов жұмыс уақытында жол-көлік оқиғасына (апатқа) тап болып, қазіргі уақытта Келес аудандық ауруханасының реанимациялық бөлімінде жатыр. Оған екінші мойын омыртқасының сынуы, көптеген сынықтар диагнозы қойылды. Оны өзге ауруханаға жеткізуге, қимылдатуға болмайды (қозғалуға болмайды). Нұржанның асырауында 3 кәмелетке толмаған баласы бар. Сізден Денсаулық сақтау министрі ретінде оның еміне Қазақстандағы ең тәжірибелі мамандарды қосуыңызды сұраймын", - делінген хатта.
Белсенді аталған жазбасынан соң науқасты елордаға алып кеткенін мәлімдеді.
"Жақын арада мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа ешкімнің ықпалынсыз көмек сұрап ашық хат жолдаған болатынмын. Бүгін, Нұржан күрделі ота жасату үшін санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласындағы нейрохирургиялық орталыққа жеткізілді. Операция сәтті өтіп, Нұржан сауығады деп сенемін, - делінген белсендінің жазбасында.
Жазба авторы Келес аудандық ауруханасының, Түркістан облыстық ауруханасының дәрігерлері мен медициналық қызметкерлеріне және Денсаулық сақтау министріне көрсетілген көмектері үшін алғысын білдірді.