Атырауда кәріз құбыры маңынан табылған нәресте ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше «Авангард» шағынауданында кәріз құбыры маңынан жаңа туған сәби табылды. Шақалақ облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы факті бойынша ҚР ҚК 119 бап, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - делінген ведомство мәліметінде.
Айта кетейік, жергілікті тұрғын кәріз коллекторының басына орнатылған үйшіктен кішкентай баланың жылаған даусын естіп, кішкентай нәрестенің жатқанын көрген. Әйел азаматы шақалақты бірден үйіне алып келіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.