27 ақпан, 14:51
Қазақстан Президенті кедендік әкімшілендіру саласына көңілі толмайтынын білдірді.
Астанада өткен "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы бұл мәселемен жақсылап айналысу керек деп мәлімдеді.
"Біздегі мәлімет бойынша бір цифрлар, Қытай тарапы бойынша - басқа. Миллиардтаған айырмашылық бар. Себебі онда ешкім нақты білмейді. Сұрай бастасаң, кеденді бір бастықтары ұстайды дейді. Қандай бастықтар? Маған көрсетіңдерші оларды, мықтап ұстап, қылмыстық тексеру жүргізіңдер. Осылайша біз бірнеше жүздеген миллиард теңге аламыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұған қоса мемлекеттік сатып алулар туралы мәселені көтерді. "Мемлекеттік сатып алуды бәсекеге қабілетті ортаға беру керек. Осы орайда қымбат, тиімсіз нысандарды қаржыландыруды қою керек. Бұл Үкімет пен қаржы министрлігіне қарасты айтылған мәселе, құлақтарыңа алтын сырға. Бұл шаралардың нәтижесінде алдағы үш жылда бюджетке триллион теңге түседі", - деді Мемлекет басшысы.