Түркістандық полицейлер ұялы телефон ұрыларынан сақтанудың құпияларымен бөлісті

17 маусым, 17:30

Түркістан облысы полицейлері ұялы телефон ұрлығына тосқауыл қоюда. Жыл басынан бері 116 қылмыс ашылған, деп хабарлайды ТО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Облыстық Полиция департаментінде 2019 жылдың 5 айында 286 ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Оның 116 қылмысы ашылып, ашылу пайызы 41,1-ді құрады. Ұрлықтың ашылу деңгейі өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 14%-ға жақсарған.

Бүгінде ұялы телефон ұрлығының алдын алу, ізін суытпай ашу, мүлдем болдырмау мақсатында ұрланған телефондарды дер кезінде криминалдық есепке қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде күнделікті бақылауға алынған. Оған қоса, базарлардағы ұялы телефон сататын орындарға тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарына өз мүлкіңізге сақ болуды ескертеді. Ұялы телефонды ішкі қалтаға салып жүруге кеңес береді. Сондай-ақ, сөмкеге салсаңыз аузын мықтап бекіту қажет, осындай қарапайым ережелерді сақтай отырып, қалта ұрыларының жолын кесуге болады.

"Ұрлық жасағандардың қылмысы анықталса, бас бостандығынан айрылып жазаға тартылады. Ұрлықты болдырмаудың басты шарты – бала тәрбиесінде жатыр", - дейді Полиция департаментіндегілер.