Үкімет отырысына кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қоғамдық қызу талқыға түскен мектеп оқушыларының сабақтан соң сынып бөлмелерінің еденін жуу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Еліміздің бас педагогы бірінші кезекте министрліктің күн тәртібінде мұндай мәселенің жоқтығын атап өтті. Айтуынша, мектеп бюджетінде тиісті қаражат бөлінген, сонымен қатар әкімшілік-техникалық қызметкер штаты қарастырылған. Оқушылардың жұмысқа тартылуы тек ата-аналарының рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
«Еңбекке баулу - мектептегі оқу-тәрбие жұмысының өте маңызды бөлігі екендігі сөзсіз. Мектеп те, отбасы да еңбекке баулуы тиіс. Сондықтан мұндай жұмыс жүргізіледі және мектептерде түрлі шаралар арқылы жүзеге асырылады. Осы шаралар арқылы ғана бірден еңбекке деген сүйіспеншілік оятуға болады деп ойлау жөн емес. Дегенмен, бұл да маңызды мәселе. Ата-аналар үйлерінде балаларына ыдыс-аяқ, еден жуғызу, үй жинау сынды жұмыстарға араластырып отыруы қажет. Бұл балаларды кішкентай кезінен тәрбиелеудің қарапайым ғана дүниесі. Толықтай алғанда, өте дұрыс мәселе көтеріліп отыр деп есептейміз. Дегенмен, оны науқаншылдыққа айналдырып жібермеу керек. Бұл ретте ата-аналар мен балалардың бастамасы болуы тиіс», - деді министр.
Тілшілердің "Сіз өзіңіз мектепте еден жудыңыз ба?" деген сұрағына Аймағамбетов былай жауап берді.
"Еден де жудық, парта да жудық. Біз мұны тәртіп ретінде қабылдадық, жууға болмайды деген ойымызға да кіріп шықпайтын. Ол уақытта мұндай қатты резонанс болған жоқ", - деді ол.