Сондай-ақ, келесі жылдан бастап кей дәрігерлердің зейнетке шығу жасы қысқаруы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі заңға осындай өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Ол тізімге хирургтар, акушер-гинеколог және неонатологтар кіреді. Сондай-ақ, елімізде нәрестеге екпе салғызбаған ата-ананы жауапқа тартып, баланы бақшаға қабылдамауы мүмкін.
Ай-күні жетпей туған нәрестелер мен туа біткен даму кемістігі бар бөбектерге күтім жасайтын неонатолог Ирина Цубенконың жұмысы аса жауапкершілікті талап етеді. Ол өз тәжірибесінде 24 апталық шала туған, салмағы 500 грамм ғана шақалақтарды да бағып-қаққан.
Ирина Цубенко, дәрігер-неонатолог:
"Бізге көбіне шала туған балалар түседі. Туа салысымен бізге әкеледі. Аналар сәбиін ешкімге бергісі келмейтіні түсінікті ғой. Эмоцияға беріледі. Олармен жұмыс жасау да оңай емес. Денсаулығында кінәраты бар нәрестелерге күтім жасау өте қиын. Олар сөйлей де алмайды. Өткен жылы біз осындай 40-қа жуық баланы қабылдап, күтім жасап шығардық".
Осындай психо-эмоционалдық тұрғыда жұмысы ауыр дәрігерлердің зейнетке ерте шығу мүмкіндігі болуы керек, - дейді министрліктегілер. Тіпті заңға өзгерістер енгізуді қарастырып отыр.
Салтанат Идрисова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту РО менеджмент орталығының басшысы:
"Бұрын КСРО кезінде жұмысы ауыр дәрігерлерге мұндай мүмкіндік берілген. Зейнетақы қорында ақшасы жеткілікті болса, біз 55 жастан демалысқа шығуды ұсынып отырмыз. Жұмыс өтілі де маңызды. Қанша жыл болуы керегі қазір талқыланып жатыр".
Сондай-ақ заң жобасына енетін өзгерістер қатарында екпе мәселесі де бар. Бүгінде балаға 18 жасқа дейін 13-ке жуық екпе салынады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі міндетті деп тапқан вакцинаны балаға салғызбаған ата-анаға 10 АЕК айыппұл салуды көздеп отыр.
Сәдуақас Байғабулов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:
"Ата-ана баласына екпе салғызудан бас тарту арқылы өзінің ғана емес өзгенің баласына да қауіп төндіреді. Сондықтан айыппұл ақталады деп сенеміз. Сондай-ақ екпесі жоқ балаларды балабақшаға кіргізбеу керекгін алға тарттық. Баланың иммунитеті әлсіз болады. Сондықтан бұл сақтық шарасы".
Заңға енетін өзгерістер қазір талқылауда жатыр.