Бүгін Елбасы Алматы облысындағы Шамалған ауылына атбасын бұрды. Жерлестері Тұңғыш Президентті зор құрметпен қарсы алды. Елбасы халықпен кездесуінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек жайлы да айтты. Ең бастысы, ер азаматтар өз мойнына жауапкершілік жүктеп, намысты болуы керектігін жеткізді.
«Көпбалалы аналарға, тұрмысы нашар адамдарға көмек жасалып жатыр. Ең төменгі жалақы жыл басынан 1,5 есе көбейтілді. 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, әр балаға, табысы төмендерге көмек беріліп жатыр. Бірақ, мемлекеттен «бере бер» деп отырмай, жұмыс істеу керек. Қай қазақ баланы туғызып, көршісіне асыра деп берген? Еркек адамның «баланы туғыздым, өзім асыраймын, жеткіземін» деген намысы болуы керек"-, деді Елбасы.
Еліміздегі көрсетіліп жатқан көптеген мүмкіндіктерге тоқталған Н.Назарбаев ең бастысы білім алып, еңбек ету барлық қиындықтардан алып шығатынын айтты.
"Дүниежүзінде солай. "Мен Қарақалпақстаннан келдім, 10 баламмен бірге асыра"- дейді. Біз жұмыс беруіміз керек елге. Бала-шағасын асырау - адамның өз басындағы міндеті. Бізді аналарымыз солай асырады. Біз де солай өскен адамбыз. Қазақстанға келіп, еңбегі сіңбей жатып, бізді асыраңдар, пенсия беріңдер дегенді естіп жүрмін. Оның бәрі дұрыс емес. Бірақ мемлекеттің жағдайы жақсы. Өзінің болашаққа резерві бар: индустриялық, ауыл шаруашылығы салалары, барлық жағынан. Қазақстан бойынша жолдар салынуда. Әр ауылға газ келіп жатыр. Басқа да керек жағдай бар. Тек жұмыс істеп, жастарға оқып, білім алу керек. Сонда ғана жанұясын бағатын болады, өзіне жақсылық істейтін болады», - деді Тұңғыш Президент.
Кездесу барысында Елбасы жас ұрпаққа сөз арнап, өз қатарының да сиреп бара жатқанын әңгімеледі. 20 мың халқы бар Шамалған туралы тебірене сөйлеген Елбасы сөз арасында туған жерінің атауын ауыстырудың қажеті жоғын атап өтті.
«Құрдастарым аз қалды. Бірен-саран таныстар бар. Жас ұрпақ өсті. Жаңадан ел болып келе жатыр. Шамалғанда 20 мың адам тұрады. Шамал деген атын қайта әкелдім. Туған жеріміз паспортта Шамалған деп жазылған, оны өзгертіп қайтеміз? Әрқайсыңызға денсаулық, бақыт, сәулетті өмір тілеймін»,-деді Елбасы.