Елімізде коронавирусқа байланысты Наурыз мейрамын тойлау іс-шараларына тыйым салынды

12 наурыз, 13:49

​Елімізде Ұлыстың ұлы күніне орай адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Вице-премьердің сөзінше қазақстандықтардың бір-бірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтауына тыйым салынбайды.

«Наурыз - қазақтың ежелден келе жатқан мейрамы. Азаматтарға бастарыңды қоспа деп айту қиын. Наурыз мейрамында адам көп жиналатын жерлерде өтетін шараларға тыйым салынады, бірақ азаматтардың бір-біріне барып көрісуіне, құттықтауына шектеу қойылмайды. Әр адам өзін ғана емес, айналасындағыларды, ағайын-туысты ойлауы керек. Сондықтан 500-1000 адам жиналатын шараларға тыйым салынады», - деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, елімізде адам көп жиналатын қоғамдық іс-шараларды өткізу уақытша тоқтатылатынын айтты.

Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов мектеп оқушылары уақытынан бұрын, яғни 16 наурыздан бастап каникулға шығатынын, ал студенттер қашықтан оқытылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар елімізде кинотеатрлар да уақытша жабылатын болды.