Еліміздегі ең ірі жылыжай Түркістан облысында салынады

06 маусым, 15:32

Бүгін «Эко-культура» компаниясының өкілдері Келес ауданының аумағында арнайы қарастырылып бөлінген 500 га аумақты алып жатқан жер телімімен танысты. Таяуда бұл жерге 10 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы Қазақстандағы ең ірі жылыжай кешені салынбақ, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Компания өкілдері ауданның географиялық тұрғыда тиімді орналасқанын атап өтіп, кешеннің инфрақұрылым жүйесін жасау жұмыстарын бастауды уағдыласты.

«Жоба үшін дәл осы жердің таңдалуы бекер емес. Өйткені бұл жерде Қазақстан бойынша күн ерте түсіп, барлық тіршілік ерте оянады. Бұл ерекшелік жылыжайға жұмсалатын шығынның көлемін азайтады. Екіншіден, осы маңдағы Қызыл әскер подстанциясы 2021 жылға дейін іске қосылатын болады. Және газ нүктесі де осы маңайға жақын. Болашақта осы жерден Сарыағаш-Келес айналма жолы түсейін деп отыр. Сондықтан да бұл транспорттық логистикалық мәселесі шешілгелі отырған жер. Таяуда инфраструктура да тартылғалы отыр»,- деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Өңірдің бас агрономының айтуынша, жобаны жергілікті «Эко-культура» компаниясы жүзеге асырып, құрылыс шығындарын ресейлік компания көтереді. Жер жалға берілетін болады. Бұл жер ауданның жер қорындағы бос жер болып саналады. Тек жер кодексіне сәйкес ресімдеу жұмыстары қалған. Ал жобаның 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Жанар-жағармай да инвесторларға жергілікті шаруалармен бірдей берілетін болады. Тыңайтқыш, тұқым да мемлекет тарапынан субсидияланады. Суландыру – жер асты суларын қазу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ дәл осы жерден екі шақырымда Келес өзені ағып жатыр. Келес өзені арқылы құбырмен су жеткізуге толық мүмкіндік бар. Ал су тартуға кеткен шығынның 50 пайызына инвестициялық субсидия қарастырылған. Тамшылатып суғаруда да шығынның 50 пайызы өтелетін болады.

Жалпы, бұл жобаны іске асыру арқылы он мыңға жуық халық жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Келес ауданында жалпы құны 1,1 млрд долларға 500 гектарды құрайтын аумаққа жылыжай кешенін салыну бойынша ҚР Премьер-министрі А.Маминнің Түркістан қаласына сапары аясында меморандум түзілген болатын. Жоба 2019-2025 жылдары іске асырылады. Еліміздегі ең ірі жылыжай кешеніне айналатын қожалықтың өнімдерінің 95 пайызы ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталмақ. Жылыжай кешенінде алдағы уақытта қызанақ, қияр өнімдері өндірілетін болады. Алайда жылыжай кешені салынады деп жоспарланып отырған бұл жер телімін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев нақты шешім емес екенін айтты. Басқа да жолдары қарастырылып, берілетін жер телімі өзгеруі мүмкін.