Нұр-Сұлтан полицейлері 22 жыл бұрын табылған мәйітке қатысты жаңа деректің бетін ашты

19 сәуір, 15:06

Нұр-Сұлтан полицейлері 22 жыл бұрынғы қылмысты ашты. Нәтижесінде ауыр қылмысты кім жасағанын анықтады деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

Бұл қанды оқиға 1997 жылы орын алған. Жеке үйде зорлық-зомбылық белгілерімен әйел азаматының мәйіті табылған. Бірақ,ол кезде полицейлер қанды оқиғаны аша алмады. Арада 22 жыл өткен соң заманауи технологияны қолданудың арқасында қылмыстық іс ашылып, күдікті қолға түсті. Нұр-Сұлтан қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері қылмысты қайта қарау кезінде аталған оқиға қатысушыларының бірін анықтады. Ол - ұрлық жасап, есірткі таратқаны үшін бірнеше рет сотталған, 1971 жылы туған А. есімді азаматша.

«Ұсталған азаматша 20 жылдан астам уақыт елордада тұрып келген. Қазіргі тұратын жері анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол бәрін мойындап, өкінетіні туралы өтініш жазды. Ал әйел азаматын зорлықпен өлтірді деп өзінің досын көрсеткен. 1970 жылы дүние келген Н. есімді күдікті азамат бұған дейін есірткіге тәуелді болғаны анықталды» делінген хабарламада. Айта кетерлігі, азаматша А. кісі өліміне күдікті ер кісі өзін қорқытқандықтан осы күнге дейін үнсіз келгенін жеткізген.

Тергеу барысында күдіктінің қылмысы дәлелденді.