"Ертұғрыл" түрік телехикаясының режиссері Қасым хан туралы фильм түсіреді

17 маусым, 11:00

Қасым хан туралы сериал Қазақстанда түсіріледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz.

Министр Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Отырар қалашығында болып, қалашықтың визит-орталығымен танысты. Сапарда "Ертұғрыл" сериясын түсірген танымал режиссер Гюнай Метин және журналистер болды.

"Жақында елімізде қазақ тарихындағы маңызды тұлға - Қасым хан туралы сериал түсірірілетінін білесіздер. Елбасының арнайы шақыртуымен келген Гюнай Метин сценарий жазып, режиссёр ретінде тарихи орындарды көруге аттанды.
Біз Отырар, Сарайшық, Сауран сынды қалаларымызды әлемге танытуымыз керек. «Қасым хан» сериалы барлық жағынан маңызды жоба, үш маусым бойы, ұзақтығы 75 серия түсіру жоспарланып отыр", - деді министр.
Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр: сол уақыттағы костюмдер мен тұрмыстық заттар эскиздері жасалады. Жақын арада фильмге кастинг жарияланып, біздің әртістер шақырылады. Бұл серия Қазақстан тарихын әлемге танытуда ерекше орын алады.
"Осыған байланысты Түркістан облысында салынып жатқан Отырар сапар орталығын көрдік. Бұл - еліміздегі ең ірі мәдени туризм орталығы. Сапар орталығын салудағы мақсат: Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелге таныстыру, тарихи-мәдени нысандарды қорғау мен сақталуын қамтамасыз ету. Сапар орталығы заманауи техникамен жабдықталған, ғылыми архив, лекция залы, қор сақтайтын бөлмелер, шеберханалар қарастырылған.
Тарихи-мәдени орындарды сақтап, оларды әлемге таныту үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қыруар жұмыс атқарып жүргені көпшілікке мәлім. Отырар сапар орталығы - осы бағыттағы маңызды қадам", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.