Қыстың қақаған аязында Есілге түсіп, суда 40 минут бойы тапжылмай отырған Нұр-Сұлтан тұрғыны көпті таң қалдырды, деп хабарлайды 24.kz.
Қайырбек Аяшев бұған дейін де аязда көйлекшең жүріп, жұртты талай таңдай қақтырған. Бұл жолы да мамандардың ескертуіне қарамай тәуекел етіп Есілге түсіп, суда тапжылмастан 40 минут отырып, жаңа рекорд жасауға тәуекел етіпті. Дәрігердің де, құтқарушылардың да ескертуіне құлақ аспаған тұрғын өткен жылы 35 минут бойы мұздай суда отырып, елде рекорд орнатқан еді. Биыл да алған бетінен қайтпауға бел буған. Өкінішке орай, онымен тілдесудің сәті түспеді. Арнайы мамандар бірден денсаулығын тексеруге алып кетті. Қалай болғанда да осынша ұзақ суда отыру денсаулыққа қауіпті саналады. Елордалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Әділбек Жиенбаевтің айтуынша, судың температурасы 2-3 градус болған жағдайда адам ағзасы 10-15 минутқа ғана шыдайды. Егер одан асып кетсе, өлім қаупін тудыруы мүмкін.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің пікірінше, арнайы дайындықсыз қыстың қақ ортасында суға түсе салуға болмайды. Мұның соңы сіңірдің тартылып, дененің жансыздануына әкелуі мүмкін. Жүрекке де үлкен салмақ түседі. Сондықтан кемінде 2-3 апталық дайындық қажет. Ал бір рет ғана түсудің денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп. Дегенмен, салқын суға түсудің де әдісін біліп, онымен кешенді түрде айналысса денсаулыққа шипасы мол дейді мамандар.