Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауыр жарақат алған 2 жастағы бала жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл сұмдық оқиға 23 қыркүйек күні орын алды. Ес-түссіз жатқан бүлдіршінді ауруханаға өгей әкесі алып келген. Баланың миында қан ұйыған, көп жарақат алған, іші соғылған, аяқ-қолдары ұрылған. Бала комаға түсіп қалған. Ер кісі дәрігерлерге бүлдіршін құлап қалды деп айтқан. Алайда ақ халаттылар бүлдіршіннің жағдайын көріп, дереу полицейлер шақырған. Полиция ең алдымен баланың 34 жастағы өгей әкесінен сұрақ-жауап алды. Тергеу материалдарының арқасында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды. Баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Жылаған баланы жұбата алмаған өгей әкесі ұрып тастағаны белгілі болды.
Өкініштісі, кішкентай баланың өміріне барынша араша түскен дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Атап өтерлігі, баланың ата-анасы азаматтық некеде тұрған. Осыдан 1,5 ай бұрын Алматы облысынан қалаға көшіп келген.
Жантүршігерлік бұл жайт бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті қамауда отыр. Бұрын ол бірнеше рет ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.