Қырғызстаннан картоп, алма және құрма әкелуге сайынған тыйымның күші жойылды

23 мамыр, 17:00

Тыйым 3 айға салынған болатын. Себебі Қырғызстаннан жеткізілетін көкөніс пен жемістерден қауіпті зиянкестер табылған, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

22 мамырдан бастап Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қырғызтаннан азық-түлік және тұқымдық картоп, алма және құрма әкелуге салынған тыйымды алып тастады.

Мұндай шешім Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен Қырғызстанның вице-премьері Жеңіс Разақовтың 28 ақпан күні Нұр-Сұлтанда өткен кездесуінің қорытындысы бойынша қабылданды. Тараптар кездесуде карантиндік фитосанитарлық бақылау мәселелері бойынша жол картасына қол қойды.

Уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды қазақстандық тарап 2019 жылғы 19 ақпанда Қырғызстаннан карантинге жатқызылған өнімнен қауіпті зиянкестердің табылуына байланысты енгізді.

Қырғызстан үкіметі делегациясы осыдан кейін Қазақстанмен келіссөздер жүргізу үшін ұшып келген болатын.