Қызылордада баласын тастап, Кореяға жұмысқа кеткен келіншекке сот үкімі шықты

29 қаңтар, 10:52

Қызылорда қаласындағы шеткі аймақта тұратын бала мектепке мүлдем бармаған. Оқып, жазу түгілі сөйлеу қабілеті шектелген. Қараусыз жүрген баланы алдымен жергілікті тұрғындар байқаған. Кейін олар ас-ауқатын беріп, іздеуі жоқ болған соң полицияға хабар берген. Ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды. Кейіннен белгілі болғаны, оны анасы бұрынғы күйеуінің қарауына тастап, өзі Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен. Ал әкесі былтыр қайтыс болған. Психологиялық, медициналық-педагогикалық комиссия баланың дамуы артта қалғанын анықтаған. Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баланың анасына қатысты үкім шығарды. Ол ата-аналық құқығынан айырылды. 9 жастағы бала қалалық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыратын органның қамқорлығына берілді.