Қызылордада ірі көлемдегі есірткімен Орал тұрғыны ұсталды

17 қазан, 11:00

Ұсталған азамат «ВАЗ-21140» автокөлігінің жолаушысы болған.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің дерегінше, ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған күдікті Қармақшы ауданында ұсталған.

Тәртіп сақшылары «ВАЗ-21140» автокөлігін тоқтатып, жедел-тергеу тобымен бірге қарап-тексеру жұмыстарын өткізген. Бұл көлікті Атырау облысының тұрғыны тізгіндеп келген.

"Тексеру кезінде көліктің артқы орындығының үстінен скочпен оралған ерекше иісі бар шөп ұнтақтарының 7 бумасы табылған. Осындай шөп ұнтақтары жолаушының сөмкесінен де алынды. Күдікті ретінде көліктің жолаушысы – БҚО тұрғыны ұсталды. Сараптама қорытындысы бойынша алынған ерекше иісі бар заттар салмағы 12 келі 524 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Күдікті жолаушы - Орал қаласының тұрғыны Қармақшы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына жеткізілді. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау жағдайы көрсетілген», - делінген полиция департаментінің мәліметінде.