Қызылордада құрылысшылардың өліміне қатысты нақты дерек пайда болды

30 қазан, 17:00

Қызылорда облысының Қазалы ауданында құрылыс нысанында екі жұмысшының қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқыс оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда еңбектi қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет жағдайы көрсетілген.

"Сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Құрылысшылар абайсызда биіктіктен құлап кеткен. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екінші жұмысшы ауруханада қайтыс болды" делінген ведомство мәліметінде.

Еске салсақ, бұл оқиға кеше, 29 қазанда сағат 16:30-дар шамасында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі құрылыс нысандарының бірінде орын алды.