Қызылордада тікұшақ апатынан қаза тапқан майордың денесі Шымкентке жеткізілді

30 наурыз, 19:10

​Қызылордада тікұшақ апаты кезінде қаза тапқан майор Сабыр Тоқбаевтың денесі отбасына жеткізілді, деп хабарлайды Elitar.kz.

27 наурыз күні оқу жаттығу кезінде Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің әскери әуе күштерінің МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Салдарынан бортта болған 13 әскери қызметкердің бәрі қаза тапты. Мерт болғандардың қатарында Шымкенттегі 55652 әскери әуе бөлімінің қызметкері, майор Сабыр Тоқбаев та болды.

Бүгін марқұмның денесі Шымкентке жеткізілді. Әскери қызметкердің денесін Қорғаныс министрлігінің Бас штабы басшысының орынбасары Мұхамеджан Таласов алып келді. Ведомство өкілі өз сөзінде марқұмның отбасына мемлекет тарапынан көмектің берілетінін алға тартты.

Қаза тапқан әскери қызметкердің әріптестері Сабыр Тоқбаевтың өз ісіне адал әрі жауапты қызметкер болғанын атап өтті. Ортасына үнемі қамқор бола білген оның қазасына олар әлі де сене алар емес.

Майорды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең өз үйінде өтеді.

Айта кетейік, қызмет барысында қаза тапқан Сабыр Тоқбаевтың артында жұбайы мен жеті ұл-қызы қалды. Журналистерге оның отбасы мүшелерімен тілдесу мүмкін болмады. Тек туыс ағасы ғана сұхба беруге келісті. Туысы Рақым Құрбанқұл бәрінен де бұл қаза оның балалары үшін қатты ауырға соққанын жеткізді.

"Ол маған жаттығу жұмыстарынан қайтар кезде хабарласып, келген соң кездесетін болғанбыз. Сабыр өте сондай қамқор, қолынан келген көмегін аямайтын асыл жан еді. Оның бұл өмірде енді жоқ екеніне әлі де сенбеймін...",-деді Сабыр Тоқбаевтың туысы.