28 сәуір, 10:00
Тараздағы сұлулық салондарының бірінің 25 жастағы шаштаразшысы төтенше жағдай режиміне қарамастан, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Түркіменстанның бес азаматына қызмет көрсеткен.
Аталған құқық бұзушылықты полиция қызметкерлері жаяу патрульдеу кезінде анықтады.
Сұлулық салонының иесі, шаштаразшы және клиенттерге қатысты төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар түзілді. Карантин кезінде мұндай кәсіпорындардың қызметіне қатаң тыйым салынады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері карантин режимін бұзғандарды анықтауды жалғастыруда. Төтенше жағдай кезінде барлығы 886 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Тәртіп бұзушыларға 186 ескерту беріліп, 250 адамға 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 79 факті бойынша заң бұзғандар әкімшілік қамауға алынды, қалғандары бойынша материалдар сотқа жіберілді. Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтардан ТЖ режимін сақтауды және оны басқа адамдардың бұзу фактілері туралы хабарлауды сұрайды.