Өзбекстандық дәрігерлер медициналық гипстің орнына құрылыс гипсін пайдаланып келген, деп хабарлайды kun.uz-ге сілтеме жасап Elitar.kz.
Ташкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Бас прокурор Нигматилла Юлдашев Өзбекстанның денсаулық сақтау жүйесін сынға алды.
"Барлығы медицинада гипсті сүйек сынғанда немесе басқа да жағдайларда қолданатынын біледі. Тексеріс барысында соңғы екі жылда дәрігерлердің медициналық гипстің орнына құрылыс гипсін пайдаланып келген 277 жағдай анықталды. Барлығы 351 тонна гипс пайдаланылған", - деді Өзбекстанның Бас прокуроры.
Оның айтуынша, Ташкентте дәрігерлер 48 тонна құрылыс гипсін, Самарқанда - 43 тонна, Наманғанда 36 тонна, Ташкент облысында - 35 тонна, ал Ферғанада 30 тонна құрылыс гипсін пайдаланған. "Құрылыс гипсін қолдану сүйек пен теріге теріс әсер етеді. Сондай-ақ, аллергия берілуі мүмкін. Дәрігерлер мұны жақсы біледі", - деді Нигматилла Юлдашев.