ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің мәліметінше, шенеунік көлігін мақсатсыз пайдаланған.
«18 қыркүйек, сағат 00:30-да Ақтау қаласындағы 7 шағынауданда орналасқан мейрамхана жанында Жаңаөзен қаласының әкімдігіне тиесілі мемлекеттік нөмірі 106 РК Land Сruiser автокөлігінің тұрғандығы анықталды. Бақылау барысында автокөлік жүргізушісінде жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік автокөлікті пайдалануға берілетін рұқсаты болмағандығы анықталды. Осыған байланысты, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 612-бабына сәйкес, мемлекеттік нөмердегі автокөлік айыппұл автотұрағына қойылды. Тексеру жұмыстары жүргізілуде»,- делінген департаменттің баспасөз қызметі берген мәліметте.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 4 қыркүйек күні Жаңаөзен қаласына әкім болып Мақсат Ибағаров тағайындалды. Оған дейін бұл қызметті Әділбек Дауылбаев атқарып келді.
Еске салсақ, 2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық тұрғын қала әкімдігі ғимаратының алдына жиналған еді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруды талап етті. Ертеңіне 500-ге жуық тұрғын тағы да алаңға шықты. Осы жағдайдан соң Әділбек Дауылбаев Жаңаөзен әкімі қызметінен кетті.