Жамбыл тұрғыны 10 келі есірткімен Ақмолада ұсталды

03 қыркүйек, 12:30

«Көкнәр-2019» жедел алдын алу шарасы кезінде Жамбыл облысынан есірткі (гашиш) жеткізу жолы кесілді. Шара барысында Ақмола облысында 15 келіге жуық есірткі саудаламақ болған азаматтар ұсталды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

«Тамыздың 30-да Ерейментау ауданының аумағында жүргізілген арнайы алдын алу шарасы кезінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ұсталып, одан 1,8 грамм гашиш салынған қағаз бума алынды. Ал, оның көлігін тексеру кезінде иттің көмегімен төрт бумаға бөлініп салынған, жалпы салмағы 3 келі 988 грамм гашиш табылды. Бұдан бөлек, аудан аумағында есірткі саудасымен айналысқан жергілікті екі тұрғын ұсталды», - делінген ведомство хабарламасында.

Ұсталған екі тұрғынның бірінің жұмыс орнын тінту кезінде бірнеше бөліп қағаз бумаға салынған 900 грамм есірткі, ал екінші күдіктінің үйінен есірткі затын пайдаланатын жасанды аспап табылған.

"Сонымен қатар елорда іргесіндегі аудан аумағында Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Оның жеке заттарын тінту кезінде спорттық сөмкесінен 10 келі қара сора табылды. Күдіктілердің барлығы ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды»,-деді ПД баспасөз қызметіндеілер.