Жамбылда 3 жасар қызды зорлаған жас жігітке сот үкімі шықты

12 қараша, 10:30

Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында үш жасар қызды зорлады деген күдікпен 25 жастағы жігітке қатысты сот үкімі шықты. ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігімен айыпталған азамат сот үкімімен кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан өзге сотталушы өмір бойына педагогикалық қызмет ету құқығынан да айырылып және де бір айдың ішінде 3 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Еске сала кетейік, бұл оқиға биыл маусым айында орын алды. Куәгерлердің сөзінше, 25 жастағы жас жігіт аулада ойнап жүрген қаршадай қызды үйіне алып келіп, азғындық әрекет жасаған. Бүлдіршіннің айқайлаған дауысын естіген көршілері дереу полиция шақырған. Бүлдіршіннің әкесі бір топ адаммен оқиға орын алған үйге келіп, есігін бұзып кірген сәтте күдікті қашып үлгерген. Алайда жас жігіт ұзаққа қаша алмады, оның соңынан қуған тұрғындар ақыры жігітті ұстап, полицейлер келгенше ұстап отырған.