Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразәлиев өзінің Facebook парақшасында өңірдегі учаскелік полиция инспекторлары туралы мәліметтер мен олардың ұялы байланыс нөмірлерін жариялады. Тізімге бас-аяғы 189 полиция инспекторы енген.
"Сіздер тәуліктің кез-келген уақытында учаскелік инспекторларға мәселелер бойынша хабарласып, жедел әрі тиімді көмектің көрсетілуіне сенім білдірулеріңізге болады. Сонымен қатар, кейбір бес мыңнан астам адам тұратын учаскелік аумақтарда инспектордың әрбір тұрғынмен жеке танысуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, сіздерге аумағыңызға бекітілген учаскелік инспекторға өздеріңіз хабарласып, өзара байланыс орнатуларыңызды сұраймын" деп жазды Арман Оразәлиев.
Одан өзге Полиция департаментінің басшысы егер учаскелік инспектор тұрғындар хабарламасын назарға алмаса, оларға шара көрілетінін де атап өтті.
"Сіздің хабарламаңыз назарға алынбаған жағдайда, фейсбук парақшам арқылы маған жеке жүгінуіңізге құқығыңыз бар. Кінәлі учаскелік полиция инспекторына қатысты қатаң шаралар қолданылатын болады...Кез келген заң бұзушылық пен құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамай, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметімен бірлесе атсалысып, азаматтық көзқарасыңызды білдіруге шақырамын!",-делінген жазбада.