Қытайда тарап жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин мәлім етті. Сонымен қатар ол елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде коронавирустық инфекцияның ошағы болып табылатын Қытайдың Ухань қаласында оқитын қазақ студенттеріне қатысты да жауап берді.
"Егер біздің студенттер сол жерде аталған вирусқа шалдыққандармен байланысқан болса, олар сонда емделуі керек. Қазір, әрине, оларға көмек қажет. Сыртқы істер министрлігі, консулдық арқылы ақпараттандырамыз. Бірақ оларды дәл қазір инфекция ошағынан қайтарып алу мүмкін емес. Эпидемиология ережелері сондай",-деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирустық инфекциясына шалдыққандар тіркелмегенін айтты.
«Егер Қазақстанда коронавирустық инфекциямен ауырып қалған жағдай тіркелсе, ең алдымен, науқасты оқшаулау қажет. Коронавирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ, вакцина да әзірленген жоқ. Вакцина әзірлеу үшін көп уақыт, тіпті бір жылға жуық мерзім кетеді. Одан кейін оны өндірушіге беру керек, содан соң тарату қажет. Бұл оңай мәселе емес», - деді ол.