Жасырын казино бизнесін дөңгелеткен ақтөбелік азамат айыппұлмен құтылып кетті

10 желтоқсан, 17:30

Ақтөбе қалалық сотында 32 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол жасырын казино ашқаны үшін жазаланды және бұл кәсібін бес ай бойы дөңгелетіп келген, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Сотталушы ҚР Заңдары бойынша Қапшағай мен Щучинск ауданында ғана казино ашуға болатынын біле тұра заңсыздықтарға жол берген. Әрі «Ойын бизнесті туралы» Заңына сай казино ашатын кәсіпкердің арнайы лицензиясы да болуы керек. Ал айыпталушы Ақтөбе қаласындағы ғимараттардың бірінен бөлмені жалға алып, «Full House» атымен жасырын казино ашқан.

Іс материалына сүйенсек, электронды покер үстелін сатып алып, бірнеше адамды жұмысқа орналастырды. Бес ай бойы жұмыс істеген құмар ойын клубын Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті анықтады. Қылмыстық кодекстің «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 2,4 миллион теңге айыппұл салынды.

ФОТО: РИА Новости