Бұл туралы Сайрам ауданында Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
Облыс көлемінде 124 кәсіпкерлік субъектілеріне кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге 146 кен орнындары берілген. Табиғат пайдаланушыларға келісімшарттармен өңірдің әлеуметтік дамуына төлемдер жасау міндеті жүктелгенімен, бүгінгі күнге оның 42-інде жалпы 357,0 млн теңге көлемінде берешектері бар.
«Жер қойнауын заңсыз пайдалану мәселесімен күресуде жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдары тиісті деңгейде жұмыс жүргізбей, нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілуде», - деп атап өтті кеңес отырысында баяндама жасаған облыс прокурорының бірінші орынбасары А.Пашаев.
Су қорғау
белдеуінде орналасқан 20 жер қойнауын
пайдаланушылардың тек 8-імен ғана
келісімшарттар бұзылған. Экология департаментінің қорытындысына сәйкес,
жер қойнауын пайдалануды тоқтатпаған
кәсіпкерлік субъектілермен 182,5 мың м³
қиыршық тас өндіріліп, қоршаған ортаға
500 млн теңгеден астам залал келтірілген.
Жер қойнауын
пайдаланудың салдарын жою кезінде де
заң талаптары орындалмайды. Облыс
көлемінде келісімшарт мерзімдері
аяқталған 32 жер қойнауын пайдаланушы
ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын
пайдалану туралы Кодексінің» 54-бабына
сәйкес өзіне берілген учаскеде жер
қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың
салдарын жоймаған. Осыдан жер
деградацияға ұшырап, қоршаған ортаға
аса ірі көлемде зиян келтірілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарына жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға және оған әрекетсіздік танытқан лауазым тұлғаларға шара қолдану туралы нұсқау берілді.