Жетісайда қарбыз пісті (ФОТО)

30 мамыр, 12:20

​Жетісайлық диқандар еңбекқорлығымен тағы да көпті тәнті етіп отыр. Бұған дейін алғашқы қауын өнімін Ресей еліне жөнелтіп үлгерген диқандардың енді бірі дәмі тіл үйірерлік қарбызды сатылымға шығарды.


Шаруа Совет Мұсаев 30 жылдан бері нәпақасын егістіктен тауып келеді. Бұл әулетті ауыл шаруашылық саласын кәсіп еткен отбасылық династия деуге болады. Бүгінде шаруаның балалары осы саланы игеріп, ауыл шаруашылығы өнімін арттыруға өз үлестерін қосып келеді.

Тынбай еткен еңбектің арқасында қарбыз өнімін алуда еліміз бойынша алғашқы диқан атанған оның еккен қарбыз өнімінің өзгелерден ерте пісуінің өзіндік себептері де бар. Егістік алқабы Өзбекстанмен шекаралас аумақта, яғни, Жетісай ауданының Мақталы ауылдық округі, Жайлаукөл ауылындағы жерге егілген. Мұндағы ауа райы Өзбекстан климатынан кем емес, көктем де ерте шығады. Қарбыздың «Атаман» деген сорты шапшаң пісіп жетіледі екен. Әрі көлемі ірі бақша өнімдерінің қатарында.

Совет Мұсаев биыл 4 гектар жерге қарбыз еккен. Әр гектардан 25-30 тоннаға жуық өнім алынбақ. Бұл ретте шаруа егістік алқаптағы қарапайым жұмысшылардың да еңбегін атап ерекше атап өтті. Диқаншы жыл он екі ай ауылдың 15 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тек қарбыз емес, орамжапырақ пен мақта да егуді қолға алған ол өнім пісіп жетілгенде 50-ге жуық жанды жұмыспен қамтиды.

Диқаншы қарбыздарды Ресейдің Новосібір мен Омск қалаларына жөнелтіп отыр. Бақша өніміне деген сұраныс жыл сайын артып келеді деген ол алғашқы өнімді шетелге жөнелтуге баға әсер етті дейді, шығынды жабу керек. Мәселен, диқан бүгінгі таңда қарбыздың келісін 220 теңгеге бағалап отыр. Мұндай баға жерлестері үшін қалтаға салмақ салады дейді. Оның болжамы бойынша Ресейде қарбыздың келісі 70 рубльге бағаланады.


Шаруа клиент табу жағынан қиындық жоқ дейді. Тауар шетелде әп-сәтте сатылып кетеді. Жыл сайын тұрақты сатып алушылары да бар. Айта кетерлігі, егер шаруаның өз техникасы болса, бір гектар жерге егілген өнім пайдасының 800 мың теңгеге жуығы таза шығынға кетеді. Оған егістік басындағы жұмысшылар мен өнімді жөнелтуге кететін шығын тағы бар.