Жетісайлық әйел өгей қыздарын қалай азаптағаны туралы күнделік толтырған

18 сәуір, 09:00

Қыздарын азаптаған өгей ана туралы тың деректер белгілі болды деп хабарлайды Elitar.kz.

28 жастағы жетісайлық әйелдің өгей қыздарын азаптау тәсілдерін дәптерге жазып отырғаны белгілі болды.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша дәл қазіргі уақытта үш жасөспірім ауруханада жатыр. Қатты психологиялық қысымға ұшыраған қыздар үрейленіп қалған. Олармен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Өгей шеше арнайы дәптерге қыздарды қалай азаптағанын жазып отырған. Ол қыздарды қысқыш, пышақ, оқтау, инемен қинаған. Ал шәйлеріне ыдыс жуатын гель қосып береді екен. Аяқтарын ыстық суға малған. "Әкелерің келгенде күліп тұрыңдар" деген қатаң тапсырмасы да болыпты.

Туыстарының айтуынша, қыздардың туған анасы бес жыл бұрын үйінен кетіп қалған, содан бері балаларын іздеп келмеген. Өгей ананың ол шаңыраққа түскеніне 3 жыл болған.

Мұндай азапқа қыздар "әкеміз тағы да ауырып қалмаса екен" деген ниетпен төзіп жүріпті. Әкелері қыздардың анасымен ажырасқанда инсульт алып, қатты ауырған екен. Әкелерінің қиналғанын көрген қыздар тағы да осы жағдайдың қайталанбауы үшін төзіп баққан. Адамға тән емес айуан әрекетке барған өгей шеше қыздарды "түрмеге түссем де, қайтып келген соң естеріңнен кетпейтіндей етіп, кек аламын" деп қорқытады екен.

Қыздардың туыстары өгей ананың жауапқа тартылуын қалайды.