Иттерді аулау шымкенттіктердің ашуын туғызды

17 қаңтар, 16:30

Шымкент тұрғындары үй жануаларына аяушылықтарын білдіруде. Интернетте қаланың бір тұрғынының жанайқайына толы хат пайда болды. Оны жазғандар жануарларды аулау мәселесіне назар аударуды сұрайды. Хатқа тіркелген фотолардан қала сыртында жатқан иттердің денелерін көруге болады.

«Бұл – ит аулаушылардың машинасына сыймағандары. Көлікке қоқыс сияқты қалай болса, солай тиелетін иттер. Бұл күшіктер енді көзін ешқашан аша алмайды, иелеріне қайтып келмейді. Ал олардың иелері іздеп жүр. Осымен бітті. Бұл жануарлар асқан қаскөйлікпен өлтірілген: күшіктердің мойны жұлынған, ал иттерден оқтың ізі көрінбейді. Оларды не улап, не басынан ұрып өлтірген, омыртқасын сындырған», - деп жазады хаттың авторы.

Хаттың авторы ауланған иттердің иелері іздеп келу үшін берілетін 72 сағаттың сақталатынына күмән келтіріп отыр.
«Бұл иттерді жергілікті тұрғындар тауып алды. Олардың өздері және балалары қатты шошып қалған. Иттердің өліктерін қарғалар шұқып, қауіпті микробтарды әр жерге таратуда. ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ДЕГЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС осы ма? ЖҮЙКЕЛЕРІН БҰЗЫП, СҮЙІКТІ ЖАНУАРЛАРЫН ӨЛТІРУ? БҰҒАН КІМ РҰҚСАТ БЕРДІ?», - деп ашынады қала тұрғыны.
Өліктердің арасынан тірі қалған бір ит табылды. Оған Тереза деген лақап ат қойылып, қазір уақытша ұстау орнында. Енді қамқор болатын адам табылған соң соның қолына берілмек.