Мақтаарал тұрғыны беташар жасаймын деп жауапқа тартылды

21 наурыз, 13:54

Мақтаарал ауданына қарасты Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғыны коронавирусқа байланысты ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, қандай да бір той-жиын өткізуге тыйым салынғанына қарамастан беташар жасаған.

Төтенше жағдайға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшкен түркістандық полицейлер рейд кезінде Мақтаарал ауданы Жаңаауыл әкімшілігіне қарасты ауылдардың бірінде тұрғын үйінің ауласында келін түсіріп, беташар тойын жасап, туыстарын жинаған тұрғын анықтады.

«Мемлекет басшысының 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу“ бойынша хаттама түзіліп, оол аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылды. Оған айыппұл салынды. Түркістан облысы полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне ескертеді: төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше көп адам шоғырлануына жол бермеңіздер. Бұл өзіңіздің де, өзгелердің де денсаулықтарыңыз үшін дұрыс болмақ" деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, коронавирусқа байланысты Қазақстан аумаында 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды.